БОЛАШАҚ ҚАЛАЛАРЫ, ЖИ ЖӘНЕ ЖАҢА СӘУЛЕТ: KAZBUILD 2026 ІСКЕРЛІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ІС-ШАРАЛАРЫ
2026 ЖЫЛҒЫ 2–4 ҚЫРКҮЙЕК АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫДА 32-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ИНТЕРЬЕР КӨРМЕСІ – KAZBUILD 2026 ӨТЕДІ.
27 елден 350-ден астам компания қатысатын ауқымды экспозициядан бөлек, Көрмеде мемлекеттік органдардың, құрылыс және жобалау компанияларының, материал өндірушілердің, сәулетшілер мен девелоперлердің өкілдерін біріктіретін мазмұнды іскерлік бағдарлама ұсынылады. ZHA және Mangera Yvars Architects әлемдік сәулет бюроларының жетекші сарапшыларының қатысуы бағдарламаға ерекше халықаралық сипат береді. Іскерлік бағдарламаны 2 қыркүйекте KazBuild және Aquatherm Almaty 2026 көрмелерінің «Жаңа Құрылыс кодексі, салық саясаты және цифрлық реттеу: Қазақстан саласын өзгертетін реформалар» атты бірлескен пленарлық сессиясы ашады. Мемлекеттік органдар мен кәсіби бірлестіктердің өкілдері жаңа Құрылыс кодексін қолданудың алғашқы нәтижелерін, BIM енгізуді, сараптама мен сапаны бақылаудың жаңа тәсілдерін, сондай-ақ жобалаушылар мен инженерлердің жұмысында ЖИ құралдарын қолдануды талқылайды.
Іскерлік бағдарламада терезе индустриясының мамандарына арналған арнайы салалық блок ерекше орын алады. Ол нарықты дамытуға, монтаждаудың практикалық аспектілеріне, маркетингке және ілгерілетудің заманауи құралдарына арналған үш күндік кәсіби іс-шараларды біріктіреді. Бағдарлама «Школа Окна +» бірлесіп, SMART сауда маркасы бар ресми серіктес «Бастау Алматы» ЖШС-нің және іскерлік бағдарламаның серіктесі «Меезенбург Қазақстан» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Бірінші күні, 2 қыркүйекте, Қазақстан мен ТМД елдеріндегі терезе технологиялары нарығын дамытуға арналған Үлкен Терезе Форумы өтеді. Форум аясында «Қазақстанның құрылыс индустриясы: нарықтың жаңа қағидалары және отандық өндірісті дамыту» атты панельдік сессия ұйымдастырылады. Модератор және салалық сарапшы ретінде «Школа Окна +» өкілі Александр Китаев-Смык сөз сөйлейді. Талқылауға «Құрылыс индустриясы кәсіпорындарының одағы» өзін-өзі реттейтін ұйымы» ЗТБ, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ҰКП Құрылыс және ТКШ департаменті, «ҚазСтандарт» РМК, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Баға белгілеу орталығы және «QazIndustry» АҚ өкілдері қатысады.
3 қыркүйекте өтетін «Монтаждаушы шоуы» аясында қатысушыларды монтаждау қателерін жою бойынша шеберлік сабағы күтеді. Онда нақты мысалдар негізінде терезе конструкцияларын орнату технологиясы мен сапасына қатысты негізгі мәселелер қарастырылады.
4 қыркүйектегі Marketing Day заманауи маркетинг және сату құралдарына, CRM жүйелеріне, жасанды интеллектіге және серіктестік арналарды дамытуға арналған мазмұнды күн болмақ. Өз тәжірибелерін Максим Поздняков, ШО+; Құрылысшылар клубының негізін қалаушы Азат Галимзянов; Ресейдегі климаттық техника саласындағы №1 MirCli компаниясының өкілі Сергей Кононов; Хаттатсу Групп өкілі Смбат Джанунц және ШО+ өкілі Александр Китаев-Смык бөліседі.
3 қыркүйекте іскерлік бағдарлама құрылыс материалдары мен технологияларына арналады.
KAZBUILD MATERIALS FORUM 2026 аясында «Қазақстанның бетон және бетон бұйымдары нарығы: экономика, реттеу, сапа, индустрияландыру» атты стратегиялық сессия өтеді. Сарапшылар нарық серпінін, темірбетон бұйымдары мен газбетонға деген сұранысты, жаңа құрылыс нормаларының ықпалын, сертификаттау мен сапаны бақылауды талқылайды. Құрылыс тиімділігі тақырыбы «Қазақстанның жылу оқшаулағыш материалдары: нарыққа салалық шолу және энергия тиімділігін арттырудың заманауи тәсілдері» атты панельдік сессияда жалғасады. Негізгі назар жылу оқшаулау нарығын дамытуға, құрылысқа қойылатын жаңа талаптарға, BIM технологиясына және құрылысқа арналған заманауи полимерлік шешімдерге аударылады.
Бүкіл іскерлік бағдарламаның басты іс-шараларының бірі «Қазақстанның 2026–2030 жылдарға арналған қала құрылысы басымдықтары, сәулет стандарттары және инвестициялық күн тәртібі» тақырыбына арналған KAZBUILD URBAN FUTURE FORUM 2026 болмақ. Форум талқылау ауқымын кеңейтіп, Қазақстан мен Орта Азияның қалалық кеңістігі алдағы жылдары қандай болатыны туралы мәселені көтереді.
Форумның алғашқы іс-шарасы «Орта Азиядағы болашақ қалалары: SmartCity, орнықты құрылыс және жаңа қалалық орта» атты панельдік сессия болады. Сессияның негізгі практикалық тақырыбы – Alatau City. Бұл SmartCity технологиялары, жасыл стандарттар және аумақтың инвестициялық тартымдылығы іс жүзінде біріктірілетін, Қазақстандағы жаңа қалалық ортаны қалыптастырудың негізгі жобаларының бірі.
Қалалар мен олардың сәулеті туралы әңгіменің заңды жалғасы «Болашақ сәулеті: әлемдік тәжірибе, BIM, параметрлік жобалау және ЖИ шешімдері» атты халықаралық панель болмақ. Талқының негізгі тақырыптары – параметрлік жобалау, ЖИ қолдану, Sagrada Família мысалындағы тарихи мұра мен заманауи технологияларды ұштастыру, сондай-ақ қазақстандық жобалаушылардың халықаралық жобалардағы рөлі. Осы сессияның ерекше оқиғасы – ZHA директоры Паоло Маттеуццидің қатысуы. Онымен бірге пікірталасқа Mangera Yvars Architects директоры Евгения Позигун, ARMETA KZ негізін қалаушы Санжар Рахметжанов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жобалаушылар ұлттық қауымдастығының, PA KAZGOR, Қазақстан Сәулетшілер одағының және Central Asia BIM Leaders Club өкілдері қатысады.
Үш күн бойы KazBuild 2026 алаңында Technonicol, Professional TANU Association және Skyform Studio (АҚШ) компанияларының заманауи құрылыс технологияларына, сәулет пен дизайнға арналған семинарлары, шеберлік сабақтары және таныстырылымдары өтеді.
KazBuild 2026 көрмесімен қатар Алматыда жылытуға, сумен жабдықтауға, сантехникаға, кондиционерлеуге және желдетуге арналған тұрмыстық және өнеркәсіптік жабдықтардың 18-ші халықаралық көрмесі – Aquatherm Almaty 2026 өтеді. Оның аясында HD MAGAZINE ұйымдастыратын «Орта Азияның көгілдір-жасыл инфрақұрылымы: девелопмент, инженерия және инвестициялар үшін жаңа нарықтар» атты панельдік сессия өтеді. Сарапшылар қалалардағы су ресурстарын басқаруды және көгілдір-жасыл инфрақұрылымды инвестициялар мен девелопменттің жаңа бағыты ретінде дамытуды талқылайды.
Осылайша, KazBuild 2026 құрылыс материалдары мен технологияларын таныстыратын алаң ғана емес, сондай-ақ жаңа қағидалар мен цифрландырудан бастап заманауи сәулет пен қалаларды дамытуға дейінгі саланың болашағы туралы кәсіби диалог өтетін орын болмақ.
Көрме Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, сауда өкілдіктері мен дипломатиялық миссиялардың ресми қолдауымен өткізіледі.
Іс-шараны қазақстандық Iteca көрме компаниясы халықаралық серіктесі – ICA Events компаниялар тобымен бірлесіп ұйымдастырады.
